Қызылорда қаласында кәсіпкерге күш көрсетіп жүрген топ құрықталды

16.03.2023 14:38

ІІМ арнайы операция жүргізді

polisia.kz

Қызылорда қаласында кәсіпкерге күш көрсетіп жүрген топ құрықталды, деп хабарлайды Almaty.tv.

ІІМ арнайы операция жүргізіп, 10 адамды ұстаған. Олар күзет қызметінде өздері ықпалын жүргізетін аумақтарды бөліске салу үшін бірнеше рет қылмыстық қақтығысқа қатысқан. Топ мүшелері ойын-сауық орындарында әдейі жанжал туғызып отырған. Ұсталғандардың бірқатар ауыр және аса ауыр қылмыс жасауға, соның ішінде кісі өлтіруге оқталу, ауыр дене жарақаты мен бұзақылық жасауға қатысы бар екені анықталыпты.

«Олар әлеуметтік желілерде қоғамдық орындарда атыс қаруын қолданатын бейнероликтерді бірнеше рет жариялап, өздерінің шамадан тыс еркінсіп кеткендерін көрсетті. 20-дан астам тінту жүргізілді, оқ-дәрілер, суық қару және басқа да заттай дәлелдемелер тәркіленді. Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр», – деді ҚР ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.