Заттай дәлелдемелер жартылай тәркіленді
Ақмола полицейлері жалпы сомасы 4 млн теңгені құрайтын алтын бұйымдарды ұрлаған бикешті анықтады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
29 маусым күні Атбасар ауданының полиция бөліміне 36 жастағы жергілікті тұрғыннан 28 сәуір мен 29 маусым аралығында белгісіз тұлғалардың оның пәтерінен 4 млн теңгені құрайтын алтын бұйымдарды ұрлап кеткені туралы арыз келіп түсті.
Осы өтінішке қатысты полицейлер ҚР ҚК-нің 188-бабының 3-бөлігі (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі іс жүргізуді бастады.
«Қылмыс орнына келген криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері күдіктілердің алтыннан жасалған 26 бұйыммен қоса, 200 АҚШ долларын ұрлағанын анықтады. Әрі қарай тергеп-тексеру жүргізу барысында алтын ұрланған мекенжайға үй иелерінен басқа бөгде адамның да еркін кіре алатыны белгілі болды», - делінген хабарламада.
Тәртіп сақшылары барлық жергілікті ломбардтар мен айырбастау пункттерін тексерді. Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында полицейлер өз кінәсін мойындаған 35 жастағы бикешті анықтады. Заттай дәлелдемелер жартылай тәркіленді.
Полицейлер азаматтарды қырағы болуға және құнды заттарды қауіпсіз жерде сақтауға шақырады.