Алматыда бойжеткен өзін еркек ретінде таныстырып, азаматтарды алдап келген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігінде көзделген қылмыстық құқықбұзушылық жасады деген күдікпен 25 жастағы әйел тұтқындалды.
"Тергеу барысында ерлер киімін киген бойжеткен өзін Асан деп таныстырып, азаматтардың сеніміне кіргені анықталды. Жоғары оқу орындарына түсуге грант алуға және қолжетімді баспананы рәсімдеуге көмектесуге уәде берген, сол үшін төлем алып отырған. Сыйақы мөлшері көрсетілген "қызметке" байланысты орташа есеппен 90-нан 800 мың теңгеге дейін болған. Қазіргі уақытта біздің бөлімшемізге 11 өтініш келіп түсті. Күдіктіге қатысты "қамау" түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды", – дейді Алатау аудандық Полиция басқармасының бастығы Ілияс Өмірсеріков.
Ақшаны алғаннан кейін күдікті жасырынып қалған. Белгілі болғандай, бұған дейін ол заң бұзбаған. Б. есімді әйелдің әрекетінен зардап шеккен азаматтар полицияға мына телефон нөмірлері бойынша хабарласа алады: 227-55-02; 8-702-448-63-37.