Қайрат Сатыбалдының ісі: мемлекетке 230 млн доллар қайтарылды

02.11.2022 15:07

Сондай-ақ Антикор Сатыбалдының шетелдік бағалы қағаздарға 300 миллион доллар құйғанын анықтады

Sputnik / Болат Шайхинов


Қайрат Сатыбалдыға тиесілі, құны 230 миллион доллардан асатын эксклюзивті асыл тастар мен зергерлік бұйымдар елге қайтарылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қайрат Сатыбалды мен басқа да адамдарға қатысты қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге де мүлікті заңдастыру (жылыстату) фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.

"Жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде алыс шет елдерде фигуранттарға тиесілі, құны 230 миллион доллардан асатын эксклюзивті асыл тастар мен зергерлік бұйымдар анықталып, елге қайтарылды. Олар мемлекет кірісіне айналдырылды", - делінген хабарламада.

Сондай-ақ Антикор Сатыбалдының шетелдік бағалы қағаздарға 300 миллион доллар құйғанын анықтады. Бұл сома жақын арада Қазақстан бюджетіне түседі.

Заңсыз әкетілген капиталды іздеу және елге қайтару жұмысы жалғасады.

Еске салсақ, 26 қыркүйекте Астана қаласының соты Қайрат Сатыбалдыға қатысты үкім шығарды. Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі алты жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар оның жеке мүлкі тәркіленеді. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейді.