Алматы облысында браконьерлер ұсталды

20.02.2024 15:16

Олар өндірістік көлемде заңсыз балық аулаумен айналысқан

elements.envato.com

21 мен 45 жас аралығындағы он бір адам Іле өңіріндегі Сорбұлақ көлінен балық аулаған, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Олардың Қытай өндірісінің тыйым салынған торларын қолдана отырып, балық ресурстарын заңсыз аулаумен айналысқаны белгілі болды. Браконьерлерден үш тоннаға жуық сазан балығы, жүзу құралдары мен браконьерлік аулаудың әртүрлі құралы, сондай-ақ атыс қаруы мен оқ-дәрілердің түрлері тәркіленді. Аталған дерек балық ресурстарын заңсыз өндіру, атыс қаруын заңсыз сақтау түріндегі қылмыстық құқықбұзушылық белгілері бойынша тіркелді. Істің негізгі фигуранттары УҰИ-ға қамаққа алынды», - деді Алматы облысы ПД бастығы Бауыржан Әленов.

Жоғарыда аталған көлде балық ресурстарын өндіру ұйымдасқан сипатқа ие болғанын және елдің әртүрлі аймақтарына тұрақты негізде тарату жүзеге асырылғанын атап өтеміз. Тек тәркіленген балық бойынша ғана мемлекетке 17 млн теңгеден астам сомаға материалдық залал келтірілгені анықталды.  

«Қазіргі уақытта істі тергеудің толықтығын, жан-жақтылығын және объективтілігін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті тергеу әрекеті жүргізілуде. Сондай-ақ олардың басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде», - деп Бауыржан Әленов сөзін түйіндеді.

Оқи отырыңыз: БҚО-да оқ атқан адам ұсталды