Желіде Астана мектептерінде жаппай атыс болатыны туралы жазба тарады

Сгенерировано ИИ
Сгенерировано ИИ

Жазбада 40-қа жуық оқу ордасына қарулы топ баратыны айтылды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

19 сәуірде елордалық білім ошағындағыларды осындай хабарлама аяқтан тік тұрғызды, деп хабарлайды Аlmaty.tv. 

Әлеуметтік желіге тарап кеткен жазбада 40-қа жуық оқу ордасына қарулы топ баратыны айтылған. Полицейлер жұрттың зәресін ұшырып, тыныштығын алған ақпараттың қайдан шыққанын анықтап, жаппай тексеру жүргізіп жатыр.

Астаналық ата-аналардың жүрегін ұшырған - осындай хабарлама кеше кешке Телеграм арнасында жарияланған. Халықтың үрейін алған ақпаратта бір емес, бірнеше мектепте атыс болатыны айтылған. Атын жасырған автор жазбаға тіпті, қарудың суретін қойып, жұртты одан бетер шошыта түскен.

- Мен таңғы сағат 9.00-де бір-ақ көрдім. Басқа ата-аналар кеше кештен бастап жазып шулаған. Көре сала, қатты қорқып кеттім. Ол кезде қызым мектепке кетіп қалған. Үйде отырып, қатты алаңдадым. Екінші ауысымда оқитын ұлымды сабаққа жібермей қойдым. Сосын қызымды мектептен алып кеттім. Мұғалім күндегіден ертерек босатты, - дейді қала тұрғыны Эльза Құсайынова.  

Үйде отырып, тынышы қашқан ата-аналар таңнан мектеп алдын торуылдап жүр.  Баласының сабақтан аман шығуын тілеген олар хабарламаны көре сала осында асығыпты. Ақпарат жалған болса да, көңілдегі күдікті сейілте алмайтынын жеткізді. Оқысын деп жіберген ұл-қызымыздың қауіпсіздігіне толық кепілдік жоқ деп ағынан жарылды.

Астаналықтардың үрейін алған ақпаратта бір емес, бірнеше білім ошағы көрсетілген. Соның бірі - №84 мектеп-лицейі. Мұндағы қазіргі көрініс осы. Қауіп жоқ деген басшылық мектеп бітіру кешіне дайындалып жатыр.

Желіде қарашаны қорқытқан хабарламамен мектеп басшылығы да танысыпты. Таңнан аяқтан тік тұрмыз деген директор білім ошағындағы қауіпсіздікті күшейттік деп сенімді сөйледі. Сондағысы ғимараттың күзетіне егде жасқа таяп қалған екі кісіні қойыпты. Ал, мұннан жоғарыда басшылық айтқан темірдей тәртіпті аңғармадық.

- Мектебімізде екі күзетші бар, екеуі жақта тұрады. Бір есікті жаптық. Тек бір есіктен кіргіздік. Екі күзетші тұрды. Одан кейін тәрбие ісінің орынбасарлары, мектептегі кезекшілер тұрды. Сынып жетекшілері оқушыларын қабылдап алды, - дейді Шейх Халифа Бен Зайд әл-Нахаян атындағы № 84 мектеп-лицейінің директоры Самал Нұғманова.  

Артынша құзырлы орган өкілдері жария болған ақпараттың жалған екендігін хабарлады. Қалалық полиция қызметкерлері тұрғындарды сабырға шақырды. Білім беру ұйымдарында тиісті шаралар атқарылғанын айтып, нақты ақпарларға сену керек екенін еске салды.

- Полиция департаменті мессенджерлерде, соның ішінде Телеграм-каналдарда қала мектептерінде терроризм қаупі туралы кең таралған жарияланым шындыққа жанаспайтынын хабарлайды. Білім беру ұйымдары тиісті қызметтермен тексерілді. Тұрғындардан тыныштықты сақтауды және ресми ақапаратты ұстануды сұраймыз, - деді ПД экстремизмге қарсы с-қимыл басқармасының бастығы Данияр Шымырқұлов. 

Бүгінде қалада 160-тан аса білім ошағы бар. Таңдағы жайсыз хабардан соң қазір мектептердің бәрінде күшейтілген күзет қызметі қойылыпты. Ал жалған ақпарат таратып, елді шошытқандар заңмен жазаланбақ. Оларға 5 мың айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі айыппұл мен кемінде 5 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған.

Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, "Алматы" телеарнасы, Астана

Оқи отырыңыз: Үлкендердің батасын алды: қоршаулар мен қақпа сырланды

Новости партнеров