45 жастағы әйелді есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімшесінің қызметкерлері ұстады
Павлодарда колониядағы жолдасына есірткі кіргізбек болған әйел ұсталды. 45 жастағы әйелді есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімшесінің қызметкерлері ұстады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.
Polisia.kz медиа порталының мәліметінше, ол бас бостандығынан айыру орнында отырған жолдасына тапсыру пункті арқылы синтетикалық заттары бар байлам мен тамшуыр беруге тырысқан.
"Жедел іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер әйелдің сыбайласымен бірге облыс орталығының аумағында синтетикалық есірткі орамаларын дайындағанын анықтады. Күдіктілер есірткі заттарын заңсыз сатқан интернет-дүкенде жұмыс істеген", – деді Павлодар облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Болат Нұрсейітов.
Полицейлер 35 жастағы сыбайласын да қолға түсірді. Алдын ала мәліметтер бойынша, әйел курьер болған және есірткінің үлкен партияларын кішігірім партияға бөліп, жасырын орындарға қойып кетіп жүрген.
Жедел қызметкерлер тінту іс-шараларын жүргізу барысында жалдамалы пәтерде 25 жиынтықты тауып алып, тәркіледі. Сараптама қорытындысы бойынша, жалпы салмағы 50 граммнан асатын синтетикалық есірткі, сондай-ақ электрондық таразылар, орау материалдары, банк карталары және бірнеше ұялы телефондар болған.
Аталған дерек ҚР ҚК-нің 297-бабы 1-бөлігі (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Күдіктілерге қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы тағайындалды.