Жеңілдетілген несиеге жеңіл көлік: Астанада өзгелерді алдаған жігіт ұсталды

12.01.2024 16:53

Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр

Рolisia.kz

Елордада тұрғынға жеңілдетілген несиеге көлік алып беремін деп алдаған азамат ұсталды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Рolisia.kz-ке сілтеме жасап. 

33 жастағы елордалық азамат 1 миллион теңге көлемінде ақшаны иемденіп, жеңілдетілген бағдарлама бойынша несиеге жаңа көлік алуға көмектесемін деп уәде берген.

Ер адам алты ай бойы тұрғынды өтірігіне сендіріп келген. Арада біраз уақыт өткен соң жәбірленуші өзінің алданғанын түсініп, полицияға хабарласқан.

Жедел-іздестіру іс-шарасы барысында Есіл аудандық криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері қылмысқа қатысы бар азаматты анықтады.

Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Қазіргі уақытта оның елордада жасалған осыған ұқсас басқа да қылмысқа қатысы бар-жоғы анықталып жатыр.

Оқи отырыңыз: Оңай олжа: Астанада қонаққа келген жігіт үй иесінің телефонын ұрлап кеткен