Нұр-Сұлтанда интернет-дүкеннен есірткі тәркіленді

01.08.2022 17:47

Дүкен иесі синтетикалық есірткі салу кезінде ұсталды

Фото: polisia.kz

Нұр-Сұлтанда отбасылық интернет-дүкеннен 3 келі мефедрон тәркіленді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Елордалық полиция қызметкерлері Telegram мессенджеріндегі интернет-дүкен арқылы есірткі сатқандардың жолын кесті. Интернет-дүкен полицейлердің жіті бақылауында болды. Сайт әкімгерінің жеке басы анықталған соң, есірткіні жеткізушілермен және кепілгерлермен барлық мүмкін байланыстарды орнату үшін оны бақылау ұйымдастырылды.

Ұстау бірден екі мекенжай бойынша жүргізілді. Дүкен иесі синтетикалық есірткі салу кезінде ұсталды. Ұсталған кезде автокөліктен сатуға дайындалған мефедрон салынған 60 түйір табылды. Конспирацияға арналған есірткіні автокөлікте жатқан қаңылтыр сыра банкісінде жасырған.
Сонымен қатар, пәтерде есірткі саудасымен айналысатын адам ұсталды. Ол сайт әкімгері ретінде есірткіні таратуға қатысқан. Тұрғылықты жерін тінту кезінде мефедронның тағы 157 мөлшері, есірткі салынған пластикалық науалар, сондай-ақ каннабис шайыры бар 886 желатин капсулалары тәркіленді. Заттай дәлелдемелерге сол жерден табылған электрондық таразылар, буып-түю ыдыстары, өлшеу қасықтары, есірткіні өлшеп-орау үшін қажеттінің бәрі қоса тігілген. Ұстау нәтижесінде ерлі-зайыптылардан 3 келіден астам синтетикалық мефедрон препараты және 260 грамм каннабис шайыры тәркіленді.

Қала көшелеріне есірткінің 10 мыңнан астам мөлшерін жіберудің жолы кесілді. Қазіргі уақытта елордаға мефедрон жеткізу арнасы орнатылды, қылмыскерлердің елорда аумағында есірткі жеткізуге және өткізуге қатысы бар адамдармен байланысы пысықталып жатыр.

ҚР ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігі (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жаза мүлкін тәркілей отырып, 15 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді.