Карт шоттарға түскен қаражаттың жалпы сомасы 3 миллиард теңгеден асқан
Қазақстанның бірнеше аймағында онлайн-казино ұйымдастырған күдіктілер ұсталды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, Атырау, Ақтөбе және Ақтау қалаларының аумағында жүргізілген тінту кезінде ойын бағдарламалары енгізілген ноутбуктер, шетелдіктер мен республика азаматтарына берілген банк қосымшалары бар телефондар табылды. Заттай айғақтар тәркіленіп, жылжымалы және жылжымайтын мүлікке жалпы 167 миллион теңгеге тыйым салынды. Ұйымдастырушылар мен жымысқы әрекетке қатысы барлардың есепшоты да бұғатталды. Дерекке сүйенсек, құмар ойындары тәулік бойы жүргізіліп, күнделікті айналымы шамамен 800 мың теңгені құраған. Карт шоттарға түскен қаражаттың жалпы сомасы 3 миллиард теңгеден асып түсті.
– Күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оларға қатысты сот 2 ай мерзімге «қамау» бұлтартпау шарасына санкция берді. ҚМА азаматтарды патологиялық құмар ойындарға тәуелділіктен, лудоманиядан қорғау жұмысын жалғастырады, – деді ҚР Қаржылық мониторингі агенттігінің ресми өкілі Әлібек Әбділов.