Қаңтар оқиғалары кезінде ұрлық жасау күдігіне іліккен 323 азамат күзетпен ұстаудан босатылды. Бұл туралы ҚР ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Күдіктілердің көбісі адал азамат болғанымен оқиға кезінде жылдам байып кетемін деп немесе басқа адамдардың сөзіне еріп, қылмысты жасағанда байқалмай қалатынына үміттенгені де анық. Осыған байланысты олардың жеке басы, жағымды мінездемелері мен залалды өтегені ескеріле отырып, бұлтартпау іс-шарасы өзгертілді. 323 күдікті күзетпен ұстаудан босатылды», - деді Санжар Әділов Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында.
Сондай-ақ азаматтар ерікті түрде 125 қару тапсырған. Бұған дейін Бас прокуратура өкілдерімен бірлесіп, «қаңтар оқиғаларында» ұрланған қару халықтың өмірі мен денсаулығына айтарлықтай қауіп төндіретіні туралы бірнеше рет хабарланған болатын, өйткені бұл қарулар ауыр қылмыс жасаған кезде қолданылуы мүмкін.
«Осыған байланысты қаруды өз еркімен тапсыру бойынша түсіндіру жұмыстары белсенді жүргізілді. Нәтижесінде, азаматтар ерікті түрде 125 қару тапсырды.
Ұрланған ғана емес, заңсыз сақталған, сондай-ақ тіркелмеген қарудың барлық түрлерін табу және тәркілеу жөніндегі жедел іс-шаралар белсенді түрде жалғасуда», - деді ол.