Экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша оқиға болған мейрамхана директорына қатысты да қылмыстық іс қозғалды. Қалалық полиция департаментінің ақпарына сай, гастро-орталық басшысы қылмысты жасыру бабы бойынша күдікке ілінді. Ал әйелін өлімші етіп сабап, өлтірді деп ұсталған Бишімбаевтың өзі 2 айға қамауға алынды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жалпы ел бойынша жыл сайын шамамен 400-ге жуық әйел күйеуінің қолынан қаза табады екен. Қорлық көріп, дағдарыс орталығына баратындар саны жыл сайын көбейіп жатыр.
Күйеуінен опық жеп, жұдырығынан шаршаған аналар паналайтын орталықтар Астанадағы бүкіл ауданда бар екен. Ең қиыны – әрқайсысы қорлық көрген әйелдерге лық толы. Олар мұндай жерде 6 ай уақыт болады. Өздері психологтың көмегін алса, балалары балабақша немесе мектепке барған соң осында қайтып келеді. «Қорғау Астана» қорының жетекшісі Анна Рыльдың айтуынша, мұндай орталыққа жүгінетін әйелдер саны артып келеді.
«Мұнда күйеуінен жапа шеккен әйелдер келеді. Есепші, саудагер, мұғалім, тіпті мемлекеттік қызметшілер де мамандардың көмегіне жүгінеді. Әрине, олар мұнда паналамайды, тек қосымша кеңес алады. Кейде тіпті көмек алып, күйеуімен қайта қосылып жататындар да бар. Біраз уақыт өткен соң, есігімізді қайта қағып тұратындар да кездеседі. Себебі әйел адаммен психолог жұмыс істейді. Ал ер адам ондай терапиядан өтпегендіктен араларында қайтадан жанжал болады», – деді «Қорғау Астана» қорының жетекшісі Анна Рыль,
Қырғызстан мен Өзбекстанда осындай мекемеге жүгінген әйелдермен қатар, күйеулерімен де жұмыс істеу қолға алыныпты. Ал мына орталыққа келгеніне үш ай болған Айгерім Қасымованың 2 ұлы бар. Күйеуі алғашында өзін ұрып жүріпті. Кейін балаларға да қол көтере бастаған. Кейін осы орталыққа жүгініп, жолдасын сотқа берген. Сот шешімі бойынша күйеуіне Айгерім мен балаларына жақындауға, балағат сөз айтуға тыйым салынды.
«Мұндай тыйым бір айға созылған еді. Осы уақыт ішінде ол бізге келмеді. Хабарлама жазғанда да ойланып жазатын болды. Аудио жіберіп, артынша өшіріп тастап отырды. Балағаттау дегенді мүлде қойған еді. Соттың шешімі қалай күшін жойды, қайтадан балағаттауын бастады», – деді қала тұрғыны Айгерім Қасымова.
Отағасынан опық жеген әйелдің айтуынша, сот күйеуіне балалары мен әйеліне жақындауға тыйым салғанда, ақыл кіре бастапты. Яғни, заң қатаңдатылса әйеліне қол көтеретін ерлер азаяды деген ойда. Ал мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров заңды қатаңдатумен қатар, идеологиялық жұмыстарды да бірге жүргізу керек дейді.
«Идеологиялық жұмыстарды жүргізбейтін болсақ, заңды түбегейлі өзгерткеннен ештеңе шықпайды. Өйткені ең бірінші біз адамдардың санасын өзгертуіміз керек. Содан кейін заңдық деңгейге жету керек. Бірақ, әрине заңға түбегейлі өзгерістер енгізу керек деп ойлаймын», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Ерлан Сайыров.
Бұрынғы министр Бишімбаев әйелін ұрып өлтіру фактісі бойынша тергеліп жатыр деген ақпарат шыққаннан соң, әлеуметтік желіде бір топ әйел «бізге заң керек» деген желеумен флеш-моб жасап бастады. Бейнежазбадағы әйел адамдарды күйеуінен зорлық көрді деп ойлап қалмаңыз, олар арнайы грим жасап, өздеріне осылай назар аударуды мақсат етіпті.
Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, Дстан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы