Нәтижесінде төбелес шығарғандар ұсталып, сотқа дейінгі тергеу басталды
Алматы әуежайында 3 адам жаға жыртысып, тәртіп сақшысы қару қолданды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Полиция департаментінің дерегінше, көлік тұрағында төбелес шығарғандар мас күйде болған. Талапқа бағынбай тәртіп сақшысын да соққыға жыққысы келіпті. Оқиға шиеленісе түскен сәтте полиция қызметтік қаруын шығарып, аспанға ескерту оқ атқан. Нәтижесінде төбелес шығарғандар ұсталып, сотқа дейінгі тергеу басталды. Қызметтік қару қолдану дерегі бойынша да тексеру жүргізілмек.
«Төбелесушілердің бірі бұрын сотталған 1994 жылы туған У есімді азамат. Ол сыраның шыны бөтелкесін сындырып, полицейге қарай жүгіріп, оны соққыға жықпақ болды. Ауыр қылмыстың жолын кескен тәртіп сақшысы қызметтік қаруынан аспанға ескерту оқ атады. Нәтижесінде төбелеске қатысушылар ұсталды. Олар – Алматы және Түркістан облыстарының тұрғындары. Адам тонап, ұрлық жасағаны үшін екеуі бұрын сотталған», – деді Алматы қалалық ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.