Көлік жүргізу құқығынан айырылған жүргізуші мас күйде ұсталды

15.03.2024 17:42

Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды

Unsplash

Қарағанды облысында көлік жүргізу құқығынан айырылса да темір тұлпар тізгіндейтіндер азаймай тұр. Соңғы екі айдың өзінде заң жүзінде шектеу қойылғанына қарамастан, құжатсыз рөлге отырған 300-ге жуық жүргізуші анықталған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Онымен қоймай, рөлге масаң күйде отыратындар көбейген. Өңірдегі тәртіп сақшылары осындай заңбұзушылықпен 22 жастағы азаматтың жауапкершілікке тартылғанын жеткізді. Ол алкогольді ішімдік ішкен соң көлік тізгіндеп, өмір бойына автомобиль жүргізу құқығынан айырылған. Бірақ соған қарамастан, әрекетін қайталаған. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.  

– Қарағандылық полицейлер көлік жүргізу құқығынан айырылған жүргізушілердің қайтадан көлік басқаруына жауапкершілік көзделгенін еске салады. Патрульдік полиция қызметкерлерімен жүргізген жұмыс нәтижесінде ішімдік ішкен 10 жүргізуші анықталды. Аталған құқықбұзушылық бойынша қылмыстық жауапкершілік көзделген, – деді Полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Бауыржан Мұхамеджанов.

Айта кетейік, жыл басынан бері Қарағандыда құжатсыз рөлге отырған 287 факті тіркелген. Оларға 184 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Одан бөлек, қоғамдық жұмысқа тарту, тіпті жағдай қайталана берсе 5 жыл бас бостандығынан айыру да көзделген.

Оқи отырыңыз: Халықаралық іздеуде жүрген күдікті Чехияда ұсталды