|
11.09.2024 | 13:46
854

Әскери қоймадағы жарылыс: кінәлі деп танылған сарбаздар өтемақы төлейді

Бұл – Шымкенттегі азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты шешімі

Әскери қоймадағы жарылыс: кінәлі деп танылған сарбаздар өтемақы төлейді Almaty.tv

Байзақтағы әскери қойма жарылысына кінәлі деп танылған сарбаздар мемлекетке 24 миллиард теңге өтемақы төлейді. Бұл – Шымкенттегі азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты шешімі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Шымкенттің азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотында жазасын өтеуші сарбаздар Әсет Әшірбай мен Ерпулат Тұрановқа және офицерлер Аслан Бақытжанов пен Руслан Несіпқалиевқа міндеттелген жарылыс шығынын өтеуге қатысты сот өтті. Сотқа онлайн қатысқан оларға бұған дейін Қорғаныс министрлігі 25 миллиард теңге шығынды өтеу үшін шағымданған.

– Жауапкерлер Бақытжанов Аслан Бақытжанұлынан, Несіпқалиев Руслан Ерназарұлынан, Тұранов Ерпулат Ержанұлынан және Әшірбай Әсет Әсілұлына мемлекеттің пайдасына 23 миллиард 764 миллион 530 мың 881 теңге ортақтасқан түрде материалдық шығын өндірілсін, – деді ауданаралық азаматтық істер жөніндегі соттың судьясы Айгерім Омарова.

Сотқа жазасын Шымкентте өтеп жатқан сарбаздардың аналары да келді. Олар ұлдарының жазықсыз жапа шегіп, жауапқа тартылғанын айтты. Олар бүгінгі үкімді де аппеляцияға бермек ниетте.

– Қалай өтейді, түсінбейміз? Өарапайым отбасымыз. Қорғаныс министрі қалай сұрап отыр. Айыбын жуу үшін балаларды айыпты санап отыр, – деді сарбаз Е. Тұрановтың анасы Жанар Хадирова.

– «Оқиғаға Тұранов пен Әшірбайдың қатысы жоқ» деп әлі күнге дейін айтып келеміз. Бірінші соттың үкіміне кассациялық шағым дайындап қойдық, – деді қорғаушы Әміре Сағадат.

Еске салайық, 2021 жылы Жамбыл облысы, Байзақ ауданындағы әскери қоймада жарылыс болып, 18 адам ажал құшқан. Алапат апаттан ауыл іргесіндегі үйлер де қирап, жарақат алған азаматтар саны жүзге жеткен. Кейіннен ел-жұртты дүрліктірген дүмпуге сарбаздар Әсет Әшірбай мен Ерпулат Тұранов кінәлі деп танылып, 13 жылға сотталған. Ал бөлім офицерлері Аслан Бақытжанов пен Руслан Несіпқалиев бес жылға бас бостандығынан айырылды.

Назерке Үкібасова, Александр Крапивкин, «Алматы» телеарнасы, Шымкент

Оқи отырыңыз: Алматының мектеп асханаларын комиссия бақылайтын болады

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир