Заңсыз лотерея ұйымдастырағандарға қатысты 103 әкімшілік хаттама толтырылды
Қазақстанда заңсыз лотерея қызметі мен интернет-казиноға қарсы күресте 6 639 ресурс бұғатталды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі өкілдерінің хабарлауынша, заңсыз лотерея қызметін анықтау және тосқауыл қою бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр.
Белгілі болғандай, биыл жыл басынан бері заңсыз лотерея ұйымдастыратындарға қатысты 103 әкімшілік хаттама толтырылды. Сот талқылауы нәтижесінде 48 жеке тұлға жауапқа тартылып, қалған істерді қарау жалғасып жатыр.
«Заңсыз интернет-казинолармен және букмекерлік кеңселермен күрес аясында түрлі ведомстволар Бас прокуратурамен, Қаржы мониторингі агенттігімен және Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, заңсыз қызмет белгілері бар 11 417 интернет-ресурсты анықтады. Оның ішінде 6 639 ресурс бұғатталды, 1 237-сі өңдеу сатысында, 1 961-і қолжетімсіз, 1 353 ресурста құқық бұзушылық белгілері жоқ, ал 227-сін Мемлекеттік техникалық қызмет пилоттық режимде бұғаттады», - делінген ведомство хабарламасында.
Оқи отырыңыз: Қызылорда облысында азаматтардың 35 млн теңгесін алдап алғандар ұсталды