Баян Алагөзованың бұрынғы жұбайы бостандыққа шығады. Бақытбек Есентаев бұған дейін сотқа өзін мерзімінен бұрын босату туралы өтініш жолдаған еді. Қапшағай қалалық соты бүгін азаматтың сұрауын толық қарап, қанағаттандырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Дегенмен, қаулы әлі заңды күшіне енген жоқ. Айта кетейік, Есентаев жазасының үштен екі бөлігі, яғни 6 жыл 1 ай 2 күнін өтеген.
«Есентаев жазасын өтеу кезінде 11 рет мақтау, 1 рет ескерту алды. Жазаның жарты бөлігін, яғни 6 жыл 1 ай 2 күнін өтеді. Тәртібі 3 оң дәрежемен бағаланады. Жасаған қылмысының қоғамдық қауіптілігін түсініп, істеген ісіне өкінеді. Сот үкімімен салынған 756 269 теңге процестік шығындарды ерікті түрде өтеді», - деп хабарлады соттан.
2016 жылы 10 маусымда белгілі продюсер, екі баланың анасы Баян Мақсатқызы бірнеше жерден пышақталып, ауыр жарақатпен Талғар ауданындағы ауруханаға түскен болатын. Оны өлтірмек болды деген күдікпен жолдасы Бақытбек Есентаев ұсталып, қамауға алынды. Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2016 жылғы 3 қарашадағы үкімімен Есентаев 9 жылға сотталып, жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде өтеуге кесілгенін еске салайық.