Бишімбаевтың ісі: сот отырысында тың деректер айтылды

Кадр из видео
Кадр из видео
Сот отырысы екі бөлімге бөлінген
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Марқұм Салтанат Нүкенова ажал құшқан мейрамханадағы бейнежазбалар бірінен соң бірі өшірілген. Орталықтағы қызметкерге мұндай бұйрықты қылмыстық істегі екінші күдіктінің бергені белгілі болды. Жаға ұстатарлық жайтқа қатысты тың деректер бүгінгі кезекті сот отырысында айтылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бишімбаевқа қатысты бүгінгі сот отырысы екі бөлімге бөлінген. Түске дейінгі тыңдалым сағат 10:00-де басталды. Онда Салтанат Нүкенованың туған ағасынан жауап алынды. Айтбек Амангелді қарындасының басынан өткен жантүршігерлік оқиғаны түгел баяндап берді. Марқұмның әбден соққыға жығылып, көзі көгерген суретін де көрсетті. Ол бұл материалды әуелі сотқа, айыпталушы тарапқа, содан кейін алқабилерге ұсынды. Ағасы Айтбек сол кезде зорлық көрген қарындасын алып кетпек болған, бірақ Нүкенова отбасын сақтап қалғысы келетінін айтыпты.

– Салтанат суретті маған 20 наурызда жіберді. Кешкі сағат 21:00 шамасында жолдапты, бірақ мен іс-шарадан келген соң ғана көрдім. Ол уақытта түнгі сағат 01:00 еді. 2 суретте де ұрып-соққаннан кейінгі түрі түсірілген. Ол үшін қатты уайымдап, бірден өзіне хабарластым. Бірақ байланыса алмадым. Сосын Қуандыққа қоңырау шалдым. Ол жауап берді, сөйлесуге үйге шақырды. Бардым, өзі келмеді, – деді С. Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді.

Нүкенова қайтыс болған мейрамханадағы қызметкерден де сотта жауап алынды. Куәлік еткен Қалмұрат Молдақаш сол күнгі болған оқиғаны баяндап берді. Оның айтуынша, қылмыстық істегі екінші күдікті Бақытжан Байжан орталықтағы барлық бейнекамерадағы жазбаларды өшіртіпті. Алайда куәгер таспаның ішінде қандай көріністер болғанын көре алмаған. Ал куәлік еткен мейрамхананың тағы бір қызметкері Абылайхан Ерденов Бишімбаевты көргенін айтты.

– Мені Байжанов екінші қабатқа тез кел деп шақырды. Барғанымда қолына пышақ ұстаған Бишімбаевты көрдім. Мені байқай сала, дәретханаға кіріп кетті. Біз Байжанов екеуіміз оның қолындағы пышағын алып алдық. Өзі жылап тұрды. «Неге бұлай болды? Мен оны сүйдім ғой, өлтіріп қойғаным қалай?» деген сөздерді қайта-қайта қайталай берді, – деді куәгер Абылайхан Ерденов.

Отырыс барысында Салтанат Нүкенова мен Қуандық Бишімбаевтың арасында заңды неке болмағаны айтылды. Олар тек екі рет мұсылмандық жолмен неке қидырған көрінеді. Бишімбаев Нүкенованың барлық телефон қоңырауын бақылап отырған. Сондай-ақ оған жұмыс істеуге тыйым салған. Азаматтық некедегі әйелін қаржы жағынан өзіне толықтай тәуелді еткен.

Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астанадан


Оқи отырыңыз: Әкім орынбасарын бопсалау: Павлодар облысында сот отырысы басталды

Новости партнеров