Жұмысқа орналастырамыз: жұртты алдап келген қылмыстық топ ұсталды

10.01.2024 19:01

Олар қазақстандықтарды 112 миллион теңгеге сан соқтырған

Фото видеодан алынды

Қазақстандықтарды 112 миллион теңгеге сан соқтырған қылмыстық топ ұсталды. Тәртіп сақшылары оларға қатысты істі жұмыспен қамту, жылжымайтын мүлік пен автокөлік саласындағы әккі әрекеті үшін қозғады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Маңғыстау облысы Полиция департаментінің қызметкерлері былтыр жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында алаяқтық фактісін анықтаған. Қаскөйлер қаражатты мұнай компанияларының біріне жұмысқа орналастыру, сондай-ақ автокөліктер мен жылжымайтын мүлікті алып-сату сылтауымен иемденген.

– Бүгінде полицияға республиканың әр өңірінен 20 адам арыз жазды. Ұсталғандардың тұрғылықты жері мен жұмыс орны бойынша тінту жүргізілді. Заттай дәлелдер тәркіленді. Қазіргі уақытта топтың үш мүшесі қамауда. Қажетті тергеу шаралары жүргізіліп жатыр, – деді ҚР ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.

Оқи отырыңыз: Қуандық Бишімбаевқа қатысты тергеу аяқталды