Атырау облысында браконьерлерден 2,5 тонна балық тәркіленді

gov.kz
gov.kz
143 адам жауапкершілікке тартылды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Атырау облысында «Бекіре-2022» жедел профилактикалық іс-шарасының күзгі кезеңінде балық аулау ережесін бұзған 153 дерек тіркелді. Браконьерлерден 2,5 тонна балық тәркіленді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, 10 қыркүйек пен 31 қазан аралығында «Бекіре-2022» жедел профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Іс-шара кезінде Атырау қаласы аумағында орналасқан «Атырау-Дамбы», «Атырау-Орал», «Атырау-Астрахань» тас жолдарына стационарлық бақылау-өткізу бекеттері қойылды.

Атырау қалалық полиция басқармасы, барлық аудандық полиция бөлімдері Каспий теңізі мен Жайық өзенінің жағалауында, облыстағы айналма жолдарда автокөлік құралдарының қозғалысын бақылау үшін мобильдік топтар құрған. Жедел басқару орталығы арқылы Жайық өзенінің Атырау қаласындағы жағалауында браконьерліктің жолын кесу үшін бейнебақылау камераларына ұдайы тексеру жүргізілген.

«Осындай іс-шаралардың нәтижесінде балық қорының заңсыз айналымына байланысты 153 құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде заңсыз балық аулауға, балық аулау ережелерін бұзуға қатысты 145, балық және балық өнімдерін заңсыз сатумен байланысты 3, балық және балық өнімдерін заңсыз тасымалдаған 5 дерек тіркелді. Балық қорына заңсыз қол сұққан 154 құқық бұзушы ұсталып, олардан 2 тонна 538 келі балық тәркіленді. Оның ішінде 438 келі бекіре тұқымдас балықтар бар. Құқық бұзушылардан 153 балық аулау және 3 су көлік құралдары алынды. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 383-бабымен (Балық аулау қағидаларын бұзу) 143 адам жауапкершілікке тартылды», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Новости партнеров