Заңсыз аң аулаған әкелі-балалы браконьер ұсталды

30.03.2021 19:15

ҚР Қылмыстық кодексінің 337-бабы (Заңсыз аңшылық) бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді

polisia.kz

СҚО Қызылжар ауданының Лесной ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторы Сағидолла Етекбаев заңсыз аң аулау фактісін анықтаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Учаскелік полиция инспекторы 28 наурызда сағат 21:30 шамасында ауылдағы автожолмен өтіп бара жатқан кезде жолдың шетіне тоқтаған 64 жастағы ауыл тұрғынының «ВАЗ» маркалы автокөлігін байқаған. Полицей тоқтап, қандай көмек қажет екенін сұраған. Ер адам көліктің сынып қалғаны, ұлының қажетті бөлшекті әкеле жатқаны жайлы айтқан. Алайда учаскелік инспектор шетте тұрған жас жігітті байқаған. Ол 29 жастағы жігіттің көлікке сібір елігінің өлі денесін сүйреп бара жатқанын көрген. Учаскелік инспектор оқиға орнына дереу жедел-тергеу тобын шақырған. Көліктен 12 калибрлі тегіс ұңғылы қару алынды. Аталған факт ҚР Қылмыстық кодексінің 337-бабы (Заңсыз аңшылық) бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді.

«Күдіктілердің үлкенінің айтуынша, ол қарудың серіппесін ауыстырып, тексеріп көрмек болған. Ұлымен орманға барғанда оның көзіне елік іліккен. Тергеу жүргізілуде, қажетті сараптамалар тағайындалды. Бұл – жыл басынан бері ауданда анықталған заңсыз аң аулаудың алғашқы дерек. Өңір тұрғындарына аң аулау маусымының өткен жылдың желтоқсан айында жабылғаны жайлы ескертеміз. Аңшылардан заңнаманы қатаң сақтауды сұраймыз», – деді Қызылжар ауданының ПБ бастығының міндетін атқарушы Пётр Климов.