ШҚО-да келіні енесінің атына несиені заңсыз рәсімдеген, деп хабарлайды Almaty.tv.
Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданында келіні енесінің атынан ұялы телефоны арқылы 2 жарым млн теңге несие рәсімдеп алған.
Зайсан аудандық полиция бөліміне 67 жастағы жергілікті тұрғын алаяқтық туралы арызбен жүгінген. Оның айтуынша, келіні оның атынан жасырын түрде 2,5 млн теңгеден астам сомаға несие рәсімдеген.
«Белгілі болғандай, өткен жылы келіні оның ұялы телефонына банктік қосымша орнатқан. Сол қосымша арқылы зейнеткердің шотына кіруге мүмкіндігі болған. Желтоқсан мен қаңтар айлары аралығында жұмыссыз қалған бойжеткен қосымшаның көмегімен енесінің атына үш несие рәсімдеп, ақшаны өз қажеттіліктеріне жұмсаған», - деп хабарлады ШҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Жәбірленуші сәуір айында әдеттегіден әлдеқайда аз зейнетақы алғаннан кейін мән-жайдың себебін іздей бастаған. Сол кезде банк оның зейнетақысынан өзі білмейтін несиелер үшін ақшалай қаражатты ұстап қалғаны анықталды.
«Алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті мүлкін тәркілеумен, төрт жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін», - делінген ақпаратта.
Оқи отырыңыз: Олжас Бектенов су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға өтемақы төлеуді тапсырды