Астанада интернет-алаяқтықтың жолын кесу бойынша жедел іс-шаралар барысында мыңнан астам SIM-карта тәркіленді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Олардың көпшілігі SIM-қораптан табылды. Бұл алаяқтарға әлемнің кез келген нүктесінен жалған нөмір арқылы қоңырау шалуға мүмкіндік береді.
Операцияны ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл орталығының қызметкерлері елордалық әріптестерімен бірлесіп жүргізді.
– Барлығы осындай 11 жабдық, сондай-ақ ноутбуктер, телефондар мен модемдер тәркіленді. Дыбыс күшейткіштері ретінде көрсетілген SIM-қораптар жалдамалы пәтерден және ұсталғандардың бірінің көлігінің жүксалғышынан табылды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында бар мән-жайлар анықталатын болады, – деді ІІМ криминалдық полиция департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетов.
Бүгінде интернет-алаяқтық қылмыстың ең көп таралған түрі болып саналады. Азаматтар әлі де қылмыскердің айласына түсіп қалады.
Қоңырау арқылы жасалған қылмыстың алдын алудың жолы – тұтқаны қойып, әңгімені тоқтату, бөтен адамның айтқандарына сенбеу, күмәнді сілтемелерге өтпеу. Құқық қорғау органдары қызметкерінің телефон арқылы, оның ішінде WhatsApp немесе Telegram көмегімен операция жүргізбейтінін естен шығармау қажет.