Шымкентте былтыр 8 оқушы өз-өзіне қол жұмсап, жетеуі қайтыс болған. Олардың басым бөлігінің мұндай қадамға баруына отбасындағы жағдай себеп болған. Бұл туралы қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева мәлімеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қайғылы жайттың алдын алу үшін министрлік тарапынан ата-аналарға, балаларға тегін кеңес беру жұмыстары ұйымдастырылды.
«Балалар ата-ананың талабын көтере алмағандықтан өзіне қол жұмсайды. Әкесі ұялы телефонын алып қойғаны үшін өзіне қол салған жағдай орын алды. Яғни, әкесі сабақ оқуын талап еткен. «Біздің кезімізде осындай болған» деп айта береміз. Қазір уақт өзгерді. Ақпарат өте көп. Баламен тіл табысып, сырласа білу керек», – деді Білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева.
Сондай-ақ өткен жылы Шымкент қаласында жасөспірімдерді зорлау фактісі де тіркелген. Осындай 30 жағдайдың екеуі қалалық білім басқармасына қарасты мекемеде анықталған. Білім басқармасының басшысы қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Бала тәрбиесіне қатысты мәселеде мектептердегі психолог пен мұғалім біріге жұмыс істеп жатыр.
«Құқықтық сауатты арттыратын түсіндірме-анықтама кітапшасын дайындап жатырмыз. Ол ата-ана мен балаға қажет болады. Біреудің жейдесін ойнап тартып алды делік, заңда қандай жаза бар? Ата-анасы қандай жазаға тартылады, балаға қандай жауапкершілік қолданылады? Кітапшада анық жазылған. Шымкент қаласының бас прокурорының тапсырмасына сай жұмысты бастап кеттік», – деді Жанат Тәжиева.