Бүлдіршіннің өліміне дәрігер салғыттығы себеп болған - прокурор

Almaty.tv
Almaty.tv
Алматы облысы тұрғынының арызы бойынша тексеру қорытындысы шықты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ауруханаға ем іздеп барған 3 жастағы бүлдіршінге медицина қызметкерлері дер кезінде және сапалы медициналық көмек көрсетпеген. Қызының өліміне дәрігерлерді кінәлаған Алматы облысы тұрғынының арызы бойынша тексеру қорытындысы шықты. Бұл туралы Еңбекшіқазақ ауданы прокуратурасындағылар мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Тексеру қорытындысын процессуалды шешім қабылдау үшін Алматы облыстық Полиция Департаментіне жолдады. Кішкентай нәрестенің өліміне медициналық қызметкерлер дер кезінде және сапалы медициналық көмек көрсетпеуі себеп болған», – деді Еңбекшіқазақ ауданы прокуратурасының аға прокуроры Медғат Қабылқайыров.

Еске салсақ, бір ай бұрын Есік қаласының тұрғыны қызымның өліміне кінәлі азаматтар жазасын алсын деп арнамызға сұхбат берген. Оның айтуынша, дене қызуы көтеріліп барған бүлдіршінге дәрігерлер дер кезінде көмек көрсете алмаған. Тек уақытша симптомдарды басатын дәрі беріп, қайтарып жіберген. Басы дауға қалған Еңбекшіқазақ ауданы ауруханасының дәрігерлері сол кезде оқиғаға қатысты нақты жауап бере алмаған еді.

«Келгенде менен анализ алған жоқ. Науқастың медициналық кітапшасы менің қолымда, ашып қараған жоқ. Ашып, оқыса қызымды аман алып қалар ма еді? Баламды ғана ойладым, әрі оқы деп айатындай менің жұмысым емес қой. Кінәсін мойындап тұр. Үндемейді. Жауабын естіп тұрсыздар», – деді Есік қаласының тұрғыны Әсел Даниярова.


Новости партнеров