Қазақстанда 55 майнингтік ферманың жұмысы тоқтатылды. Әрі олардың елдегі танымал тұлғалармен байланысы бар болып шықты. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Заңсыз қызмет еткен мұндай фермалар энергиямен жабдықтау көзіне рұқсатсыз қосылып, экономикалық аймақтарға негізсіз орналастырылды деген күдікке ілініп отыр. Одан бөлек, ресми хабарламада олардың салықтар мен кедендік төлемдерді төлеуден жалтарғаны да айтылады.
«Өз қызметтерін тоқтатқан майнингтік компаниялардың қатарында Павлодар облысында танымал кәсіпкерлер Болат Назарбаев және Александр Клебановпен үлестес фирмалар бар. Сондай-ақ солардың арасында «QazaqGaz» ұлттық компаниясының Ақтөбе облысындағы бұрынғы басқарма төрағасы Қайрат Шәріпбаев және Қарағанды облысындағы танымал бизнесмендердің бірі Ерлан Нығматуллин болды», - деді ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі Гауһар Сапарбаева.
Айта кетейік, Қаржы мониторингі агенттігі бұған дейін жалпы 25 қылмыстық істі тіркеп, құны 100 млрд теңге болатын 67 мыңнан астам жабдықты тәркілеген. Жүргізілген жұмыстың нәтижесінде елдегі электр энергиясын тұтыну тәулігіне 600 МегаВатт/сағатқа төмендеп отыр.