Қарағандыда екі адамды пышақтап, қашып кеткен күдіктілер ұсталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Оқиға кеше күндіз жеке тұрғын үйлердің бірінің ауласында болған. Есік алдынан жарақат ізі бар екі адамның мәйіті табылыпты. Тәртіп сақшылары олардың 59 жастағы үй иесі мен екіншісі 7 жастағы құрылыс бригадирі екенін анықтады. Куәгерлердің сөзінше, жәбірленушілерге екі жұмысшы суық қарумен тап берген. Артынша біреудің көлігін иемденіп, із суытқан. Алайда қаскөйлердің бұл ісі ұзаққа бармай, полицейлер 34 және 39 жастағы ер адамды тұтқындады.
«Жедел түрде қылмыскерлерді ұстау жоспары ұйымдастырылды. Іздестіру кезінде бейнебақылау камераларында Мичурин көшесінің бойынан көлік назарға ілікті. Екі адам машинадан шығып, өзенге қарай қашпақ болды», – деді Теміртау қалалық полиция басқармасының инспекторы Жәнібек Нығметов.
Ұсталғандар Қарағанды облыстық полиция басқармасына жіберілген. Күдіктілер қылмысын мойындады. Қылмыстық кодекстің 99 бабы, яғни «Адам өлтіру» бөлімімен қылмыстық іс қозғалды.
«Күдіктілер екі азаматқа пышақ жарақатын салып, қылмыс орнынан Land Cruser Prada автокөлігін ұрлап кеткен. Бірден тосқауыл операциясы жарияланып, күдіктілер ұсталды. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», – деді облыстық ПД басшысының орынбасары Әбіл Әбілдин.