Елордада арнайы операция барысында есірткі сатушылардың қылмыстық тобы ұсталды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бастығы Олжас Жарылғапов мәлім етті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оның сөзінше, бұрын сотты болған 27 жастағы күдікті елорда аумағында дәл осындай қылмыспен қайта ұсталып отыр. Көлігін тінту кезінде қолға түскен адамнан сатуға дайындаған, жалпы салмағы 500 грамнан асатын оралған гашиш салынған сіріңке қораптары тәркіленген. Сондай-ақ, көліктің ішінде бұрын сотталған 24 жастағы азамат болған. Одан да тексеру кезінде гашиш табылыпты. Сонымен қатар полиция қызметкерлері есірткіні жеткізіп тұрған негізгі тасымалдаушыны анықтаған. Ол – бұрын сотты болған Жамбыл облысының 34 жастағы тұрғыны болып шықты. Оның пәтерін тінту барысында оқтары бар травматикалық қару, есірткі себілгені анықталған электронды салмақ өлшеуіш және есірткі қабылдауға арналған құрал табылды. Сондай-ақ, 2 миллион 150 мың теңгелік қолма-қол ақша, гашиш оралған үш полиэтиленді пакет, сатылуға дайын есірткі толтырылған 265 сіріңке қорабы тәркіленген. Арнайы операцияны жүргізу барысында заңсыз айналымнан қара нарықтағы бағасы 9 млн теңге болатын 6 келі есірткі алынған.