Алматы облысында егде жастағы адамдарды тонаған қарақшылық топ мүшесі ұсталды. Бұл туралы облыстық полиция департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Сәуір айында 84 жастағы қарияның үйіне белгісіз біреулер кіріп, отағасын соққыға жыққан. Онымен қоймай, кеуде тұсына пышақ жарақатын салған. Қарақшылар қолға ілінген құнды заттарын алып, белгісіз бағытта із суытқан.
«Қарияларға күш көрсетіп, оларды тонап, өміріне қауіп төндірген топ мүшелерін әшкереледі. Материалдық шығынымызды толығымен өтеп берді. Өзге өңірге барып жасырынған қарақшыны тапқан полицейлер өз ісінің шебері екенін дәлелдеді. Қиын сәтті моральдық көмек беріп, қылмысты ашқан тәртіп сақшыларына алғысымыз шексіз», – деді жәбірленуші Сватлана ДУБОВЕЦКАЯ.
Облыстық полиция департаментінің ақпаратына сәйкес, 1983 жылы туған Түркістан облысының тумасы Сайрам ауданында ұсталып, қарақшылық шабуылға қатысы бар деген күдікпен Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданына жеткізілген. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 192-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
«Қылмысқа қатысы бар тұлғаларды анықтау үшін ең тәжірибелі мамандар есебінен топ құрылды. Қылмысты ашуға бағытталған кеңауқымды іздестіру шаралары барысында із кесушілер қарақшы топ мүшелерін анықтап, олардың біреуін Түркістан облысынан ұстады», – деді Еңбекшіқазақ ауданы Полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Талғат СЕЙІЛХАНОВ.