СҚО-да банк қызметкері болып танысып, жұртқа несие алғызатын алаяқтар көбейген

23.11.2021 21:34

Өңірде жыл басынан бері интернет алаяқтыққа қатысты 133 қылмыс тіркелген

Almaty.tv

Солтүстік Қазақстанда интернет алаяқтық белең алып келеді. Көбі өзін банк қызметкері ретінде таныстырып, тұрғындарға несие алғызады екен. Тәртіп сақшылары жыл басынан бері сондай 133 қылмыстың бетін ашыпты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Полиция қызметкерлері интернет алаяқтықпен айналысатындардың көбі жастар дейді. Олардың сөзінше, жақында 18 жасар қала тұрғыны өзінің қатарластарына тауарлық несиеге телефон алғызып, өзі сол телефондарды қала базарларында саудалаған. Пайдакүнем жігіт осындай жолмен 20 адамды алдап кеткен. Мұндай әрекетке ақшадан қысылғандықтан барғанын айтыпты.

Өздерінің алданып қалғанын түсінген Петропавл қаласының студенттері осыған ұқсас шағымдармен полицияға жүгіне бастаған. Олардың айтуынша, жас жігіт несие алғызғанда белгісіз бір акция шарты бойынша қарыздың кейін толығымен өтелетінін айтып сендірген. Жалпы келтірілген шығын көлемі – 4 млн теңге. Енді алаяқ бас бостандығынан айрылуы мүмкін.

«Арызданушылардың бәрі – оқу орындарының студенттері. Аталған факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3-бөлігі бойынша көзделген құқық бұзушылық белгілері бойынша қылмыстық іс қозғалып, 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу санкциясы қарастырылуда», – деді Петропавл қалалық ПБ криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілі Жеңісгүл Бейсембина.

Алаяқтардың арбауына түскен тағы бір тұрғын бірден 10 млн теңгеге несие алған. Ақшаны қаскөйдің нұсқауымен «резервтік шотқа» жіберіпті. Сол сәтте ақша бірден алаяқтардың қолына түскен. Сан соғып қалған жәбірленуші олардың адам сеніміне тез-ақ кіріп алатынын айтады.

«Тұтқадағы адамның сөзіне сендім. Арғы жағындағы банк қызметкерлерінің «Альфа банк тыңдап тұр. Қандай сомаға несие аласыз? Растайсыз ба?» деген сияқты сұрақтары естіліп жатты. Арғы жақта шу, жұмыс істеп жатқан қызметкерлердің дауыстары шығып жатты. Оған шын сеніп қалдым», – дейді жәбірленуші.

Полиция департаментінің мәлімдеуінше, Солтүстік Қазақстан облысында осыған ұқсас 600-ден астам жайт тіркелген. Олардың 51-і әлеуметтік желі арқылы жасалған. Тәртіп сақшылары жыл басынан бері 1350 хабарландыруды тексеріп, оның 101-ін сайт әкімшілігі арқылы бұғаттаған екен.

Алина Нұрғожа, «Алматы» телеарнасы, Солтүстік Қазақстан облысынан