Қызылордада алаяқтықпен айналысқан балгер ұсталды

05.10.2021 19:58

Тергеу барысында күдікті алаяқтықпен алған алтын бұйымды ломбардқа өткізіп жібергені анықталды

Фото: ашық дереккөзден

Қызылорда облысында жергілікті тұрғыннан алтын алқасын алдап алған балгер ұсталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Қызылорда қалалық полиция басқармасына 49 жастағы қала тұрғыны арызданды. Онда қызының жолын ашып беремін деп алтын алқасын алдап алған балгер жайында айтылған. Келген шығын - 150 мың теңге. Тәртіп сақшылары күдіктіні ұстау мақсатында жедел-іздестіру шараларын жүргізді. Нәтижесінде облыс орталығының 53 жастағы тұрғыны қолға түсті. Тергеу барысында күдікті алаяқтықпен алған алтын бұйымды ломбардқа өткізіп жібергені анықталды. Оның ақшасын өз қажетіне жаратқан. 

«Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 190-бабының 1-бөлігі бойынша таңда сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Онда алаяқтық, яғни бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену жағдайы көрсетілген», – деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінен. 

Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылордада есірткі егумен айналысқан қылмыстық топ басшылары қолға түскен болатын.

Теги: алаяқтық