Тексеру барысында марқұмның төбелес кезінде жарақат алғаны белгілі болды
Алматы облысында 34 жастағы еркек өз бөтелкелесін пышақтап өлтірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Оқиға орнына бірден жедел-тергеу тобы жіберіліп, тексеру барысында марқұмның төбелес кезінде жарақат алғаны белгілі болды. Жергілікті полицияның мәліметінше, күдікті ішімдікке сылқыя тойып, танысын жиналмалы пышақпен екі рет ұрып сұлатқан. Ал куәгерлердің айтуынша, жаға жыртысқандар Іле ауданына қарасты Өтеген батыр кентіне қонаққа келген. Ішімдікке тойғаннан кейін жанжалдасып, соңы қанды төбелеске ұласқан. Күдікті қолға түсіп, тергеу амалдары басталды.
«Талғар аудандық полиция бөлімінің криминалдық полицияның жедел тобымен іс-шара жүргізу барысында Д. есімді азамат анықталып, қазіргі таңда Талғар аудандық полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды», – деді Талғар аудандық ПБ тергеушісі Мәрлен Байсұлтанов.