Былтыр Қазақстанда алаяқтық қылмыстардың саны 22 пайызға өскен

Видеодан кадр
Видеодан кадр
Сондай-ақ микроқаржы ұйымдарының сайты арқылы онлайн кредит рәсімдеу қылмыстары өршіп тұр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жеке куәлігін жоғалтқан жүздеген адам сан соғып қалды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

 

Киберқылмысқа қарсы күрес орталығы бастығының міндетін атқарушы Рүстем Дүйсетаевтің айтуынша, 2021 жылы Қазақстанда алаяқтық қылмыстардың саны 22 пайызға өсіп, 41 мыңға дейін жеткен. Биыл қаңтар айының өзінде 2,5 мың қылмыс тіркелген.  

«Әсіресе хабарландыру арқылы халықты жиі алдайды. Тауар немесе қызметтің алдын ала төлемін жіберуді сұрайды да, артынан жоқ болып кетеді. Интернет-алаяқтықтың тең жартысы осылай жасалады. Мысалы, Павлодар облысында бір әйел OLX пен «Крыша» сайттарында пәтерлерді төмен бағаға жалға беремін деп хабарландырулар жариялап отырған. Алдын ала төлемді әртүрлі есепшоттарға аударуды сұраған. Ал ақшаны алғаннан кейін барлық хабарландыруларды жойып, нөмірін өшіріп тастаған», - деді ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы күрес орталығы басшысының міндетін атқарушы Рүстем Дүйсетаев.

Екінші орында микроқаржы ұйымдарының сайты арқылы онлайн кредит рәсімдеу қылмыстары тұр. Ондайда алаяқтар адамның жеке мәліметтерін пайдаланып, заңсыз несие алады. Алаяқтар көп жағдайда өздерін банк қызметкері ретінде де таныстырады. Ал кейбірі жалған сайтта отырғанын білмейді де, өз қолымен жеке мәліметтерін енгізіп жатады.  

«Мысалы, Атырау облыстық полиция департаментінің қызметкерлері Семей қаласының тұрғынын ұстады. Ол әлеуметтік желіде жоғалған құжаттар туралы хабарландыруларды іздеп, сонда көрсетілген жеке мәліметтермен микрокредиттерге тапсырыс беріп отырған. Ал құжаты жоғалған адамдар заңсыз кредиттің рәсімделгенін білмей жүре берген. Оларға қарызды төлеу мерзімі өтіп кеткеннен кейін ғана хабарлама түскен. Қазіргі кезде зардап шеккен 350-ден астам адам анықталды. Олардың атына жалпы сомасы 10 миллион теңгеден асатын заңсыз кредиттер рәсімделген», - деді Рүстем Дүйсетаев.

Новости партнеров