Алматы облысы Қызылқайрат ауылында екі аптаның ішінде 20-ға жуық үй тоналды. Осылай деген ауылдағы ағайын түнгі уақытта көше күзетіп, кезек-кезек рейдке шығып жүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Астаң-кестеңі шығып жатқан баспанаға ұрылар үй иесі жұмыста болған кезде түскен. Қопарып кеткен үйдің көрінісін халық бейнежазбаға түсіріп алған. Дәл осылай күдіктілер маңайдағы бірнеше тұрғынжайды тонаған.
– Үш қыз, екі ұлым бар. Алдынан шығып қалса, куәгер деп өлтіріп тастайды ғой. Мен есігімді бекітіп ұйықтап жатқанмын. Ал бекітілмесе, үйге де кірер ме еді? – деді Қызылқайрат ауылының тұрғыны Маржан Қалқаева.
Дүйім ел үй тонаушылардың ұл-қызымызды зорлап кетпесіне кім кепіл деп алаңдап отыр. Жұрттың айтуынша, олардың іш киімін ақтарып, ерсі әрекетке барғанына қарағанда, күдіктілердің психологиялық ауытқуы болуы мүмкін.
– Екі бірдей сауып отырған сиырымды ұрлап кетіп, төмен жаққа апарып басын кесіп, ішек-қарнын ақтарып тастаған. Газ қостырамыз деп тірнектеп жинаған 950 мың теңге, алтын бұйымдарымды тонап кетті. Полицияға айттық, әзірге еш нәтиже жоқ, – деді Қызылқайрат ауылының тұрғыны Кемелхан Мұхамеджан.
Ұры-қары көбейді деген халық бір айдан бері көшені күзетіп келеді.
– Қорқып қалдық. Жігіттер 4-5 күн болды, сағат 20:00- 03:00 аралығында рейдке шығып жүр. Алдыңғы күні 2, сосын 3 үйді тонап кетті. Кеше рейдте жүрсек, сағат 21:00 шамасында тағы бір үйге ұрлыққа түскен, – деді Қызылқайрат ауылының тұрғыны Ербол Жамбы.
– Он күн ішінде 3 ұрлық жасалды. Бәрі тіркеліп тұр. Тергеу амалын жүргізіп, іздеп жатырмыз. Негізі, ұрлықты күндіз жасап жатыр, – деді Полиция департаменті Талғар аудандық Полиция басқармасының бастығы Рүстем Жарықбасов.
«Араға күн салып, ұры-қарыға жем болдық» деген жұрт жергілікті әкімдіктің де жұмысына наразы. Өйткені жарығы жоқ, жолдары жасалмаған қараңғы ауыл қарақшыларға қолайлы болып тұрғанын айтты.
– Халық сенімін ақтау үшін жұмыс істеп жүрмін. Бір айдың ішінде 10-нан аса баспанаға ұрлық түскен. Бүгін-ертең бәрін шешіп, жарық қоямын деп айта алмаймын, арнайы процедурасы бар, – деді Алатау ауылдық округінің әкімі Азамат Сейітов
Қызылқайратта қазір 8 мыңнан аса адам тұрады. Мәселе шешілмесе, облыс әкіміне баруға дайын.
Әлібек Шынтемір, Әлішер Ерғалиұлы, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Пойыз қызметкерлерін бопсалап келген «блогер» ұсталды