Қызылқайрат ауылында үй тонаушылар көбейген

06.12.2023 21:37

Халық бір айдан бері көшені күзетіп келеді

Almaty.tv

Алматы облысы Қызылқайрат ауылында екі аптаның ішінде 20-ға жуық үй тоналды. Осылай деген ауылдағы ағайын түнгі уақытта көше күзетіп, кезек-кезек рейдке шығып жүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Астаң-кестеңі шығып жатқан баспанаға ұрылар үй иесі жұмыста болған кезде түскен. Қопарып кеткен үйдің көрінісін халық бейнежазбаға түсіріп алған. Дәл осылай күдіктілер маңайдағы бірнеше тұрғынжайды тонаған.

– Үш қыз, екі ұлым бар. Алдынан шығып қалса, куәгер деп өлтіріп тастайды ғой. Мен есігімді бекітіп ұйықтап жатқанмын. Ал бекітілмесе, үйге де кірер ме еді? – деді Қызылқайрат ауылының тұрғыны Маржан Қалқаева.

Дүйім ел үй тонаушылардың ұл-қызымызды зорлап кетпесіне кім кепіл деп алаңдап отыр.  Жұрттың айтуынша, олардың іш киімін ақтарып, ерсі әрекетке барғанына қарағанда, күдіктілердің психологиялық ауытқуы болуы мүмкін.

– Екі бірдей сауып отырған сиырымды ұрлап кетіп, төмен жаққа апарып басын кесіп, ішек-қарнын ақтарып тастаған. Газ қостырамыз деп тірнектеп жинаған 950 мың теңге, алтын бұйымдарымды тонап кетті. Полицияға айттық, әзірге еш нәтиже жоқ, – деді Қызылқайрат ауылының тұрғыны Кемелхан Мұхамеджан.

Ұры-қары көбейді деген халық бір айдан бері көшені күзетіп келеді.

– Қорқып қалдық. Жігіттер 4-5 күн болды, сағат 20:00- 03:00 аралығында рейдке шығып жүр. Алдыңғы күні 2, сосын 3 үйді тонап кетті. Кеше рейдте жүрсек, сағат 21:00 шамасында тағы бір үйге ұрлыққа түскен, – деді Қызылқайрат ауылының тұрғыны Ербол Жамбы.

– Он күн ішінде 3 ұрлық жасалды. Бәрі тіркеліп тұр. Тергеу амалын жүргізіп, іздеп жатырмыз. Негізі, ұрлықты күндіз жасап жатыр, – деді Полиция департаменті Талғар аудандық Полиция басқармасының бастығы Рүстем Жарықбасов.

«Араға күн салып, ұры-қарыға жем болдық» деген жұрт жергілікті әкімдіктің де жұмысына наразы. Өйткені жарығы жоқ, жолдары жасалмаған қараңғы ауыл қарақшыларға қолайлы болып тұрғанын айтты.

– Халық сенімін ақтау үшін жұмыс істеп жүрмін. Бір айдың ішінде 10-нан аса баспанаға ұрлық түскен. Бүгін-ертең бәрін шешіп, жарық қоямын деп айта алмаймын, арнайы процедурасы бар, – деді Алатау ауылдық округінің әкімі Азамат Сейітов

Қызылқайратта қазір 8 мыңнан аса адам тұрады. Мәселе шешілмесе, облыс әкіміне баруға дайын.

Әлібек Шынтемір, Әлішер Ерғалиұлы, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Пойыз қызметкерлерін бопсалап келген «блогер» ұсталды