Талдықорғанда 5 жасар қызын өлтірген әйел мен оның ағасына қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі соты айыпталушыларды 15 жылға бас бостандығынан айырды. Еске сала кетсек, осыдан 7 ай бұрын Сарқан қаласының шетіндегі қоқыстан кішкентай қыздың қаңқасын далада ойнап жүрген балалар тауып алған еді. Кейін марқұмның есімі Аружан екені және мәйіті қоқыста 3 ай бойы жатқаны анықталды. Көп ұзамай полиция қызметкерлері 19 жастағы анасын ұстады. Ол перзенті церебральді сал ауруына шалдыққанын және ақпан айында ауруынан қайтыс болғанын айтқан. Алайда тергеу барысында туған қызын анасы мен оның ағасы қылқындырып өлтіріп, денесін кірпіш шығаратын зауыт маңына жасырып кеткені белгілі болды. Сондай-ақ әйелді 14 жасында сол ағасы зорлап, жүкті қылып қойған екен.
«Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында жас баланы өлтіру фактісі бойынша нағашы ағасы мен шешесіне қатысты сот үкімі жарияланды. Оларға 15 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ», – деді Жетісу облыстық сотының ресми өкілі Нұрсұлтан Орынбасаров.