Жәбірленуші тараптың қорғаушысы Нүкенованың әкесінің ешқандай тіркеуде тұрмағанын дәлелдейтін анықтама ұсынды
Қуандық Бишімбаев азаматтық некедегі әйелінің өліміне қатысы барын ақыры мойындады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Сотта сұралып жатқан экс-министр қайғыдан қан жұтқан марқұмның туыстарынан кешірім сұрады. Бірақ қасақана өлтірмегенін айтып, өкінішін жеткізді
Экс-министр марқұм әйелінің жақындарынан кешірім сұрады. Салтанатты сүйгенін айтқан ол қасақана өлтірейін деген ойы жоғын жеткізді. Күдіктіге 5 ай бойы халықтың қаралап, айуанға теңеп жатқаны ауыр тиген көрінеді.
Дәл осы сәтте жалғыз қызынан айырылып, қайғы жұтқан Салтанат Нүкенованың анасы шыдай алмай, айғайлап жіберді. Бұрынғы күйеу баласына айуандықпен өлтірдің деп ашына сөйледі. Тіпті соңғы рет баласының жүзін көріп, жерлей алмағанын айтып, көз жасына ерік берді.
– Тоқтай тұр, сен менің қызымды қатыгездікпен өлтірген жоқпын дейсің бе? Мен қызымның бетін соңғы рет көріп, жерлей алмадым. Сегіз сағат бойы айуандықпен өлтіргенсің. Маған оның түрін әдейі көрсетпеді, өйткені өмірімнің соңына дейін ұмыта алмас едім, – деді Салтанат Нүкенованың анасы.
Қуандық Бишімбаевтың сөзінше, отбасылық өмірдегі келіспеушілік бірден үйлену тойынан кейін басталған. Салтанаттың мінез-құлқы адам танымастай өзгерген көрінеді. Әй-шәй жоқ үйіне бір емес, бірнеше рет кетіп те қалған. Неліктен бұлай болғанын экс-министр марқұмның өзінен де сұрап, ашық әңгімеге тартыпты. Тіпті дәрігердің көмегіне жүгінейік деп те ұсыныс айтқан көрінеді.
– Салтанатты сол кезде түсінбейтінмін. Ашуланшақ, мінезі түсініксіз, "бірде көл, бірде шөл" болып жүрді. Содан бәрін ұмытайық, бақытты күн кешейік деп, оны сүйетінімді айттым. Салтанат менімен ашық сөйлесетін. Бірде әңгіме арасында ол әкесінің психикалық ауытқуы бар екенін айтқан. Мен оны барынша түсінуге тырыстым. Қолдау көрсетіп отырдым, – деді сотталушы Қуандық Бишімбаев.
Бірақ Бишімбаевтың бұл сөзі расталмады. Жәбірленуші тараптың қорғаушысы Нүкенованың әкесінің ешқандай тіркеуде тұрмағанын дәлелдейтін анықтама ұсынды. Атышулы сот отырысында тағы да үзіліс жарияланды. Ендігі тыңдалым 3 сәуір күні болады.
Оқи отырыңыз: Тірілер тізімінде жүр: жеті айында шетінеп кеткен сәбидің жөргекпұлын кім алған