Қылмыстық іс тоқтатылды
Серік Күдебаевқа халықаралық іздеу жарияланды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Алматы облысы полиция департаментінің бұрынғы бастығы бүгін сот отырысына жеткізілуі керек болған, алайда оның қашып кеткені белгілі болды. Күдікті осыған дейін де бірнеше сот отырысына келмеген еді. Жетісу облыстық сотының таратқан ақпарына сай, Күдебаев 23 наурыз күні Қазақстан шекарасын аттап, Бішкектегі Манас әуежайынан Стамбұлға ұшып кеткен. Осылайша, прокурордың өтінішхаты негізінде сотталушының басқа елдерге одан әрі көшуін болдырмау және оның орналасқан жерін анықтау мақсатында судья оны халықаралық іздестіруге жариялау және бұлтартпау шарасын «қамауда ұстауға» өзгерту туралы қаулы шығарды.
«Серік Күдебаевқа қатысты халықаралық іздеу жарияланғанына байланысты ҚР ҚК 146-бабы, 2-бөлігінің, 1,3,4-тармағы, 362-бабының 4-бөлігі бойынша қылмыстық іс тоқтатылсын. Қылмыстық іс сотталушының іздеу жұмыстарын қадағалау үшін облыстық прокурорға қайтарылсын», – деді Талдықорған қалалық сотының судьясы Әбділла Үмбетай.
Еске салайын, Серік Күдебаев «ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметтегі әрекетсіздігі» үшін айыпталған. Тергеушілердің мәліметінше, қаңтар оқиғасы кезінде ол Алматы облысының коменданты бола тұрып, полиция департаменті ғимаратынан шығып кеткен. Енді оған тағылған айыптардың барлығына қашу дерегі қосылады. Іспен арнайы прокурор айналысып жатыр.