|
10.12.2021 | 13:39
3386

Алматыда алкогольді ішімдікті астыртын өндіретін 12 цех анықталды

Нәтижесінде 22 қылмыстық іс қозғалған

Алматыда алкогольді ішімдікті астыртын өндіретін 12 цех анықталды Almaty.tv

Алматыда жыл басынан бері алкоголь өнімдерін жасырын өндіретін 12 цех анықталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Нәтижесінде 22 қылмыстық іс қозғалған. Көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда көп. Бұл туралы бүгін қалалық Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлері арнайы жиында мәлімдеді. Заңсыз тауар айналымын жою мақсатында сала мамандары жеке кәсіпкерлермен кездесті. Шараға қаладағы алкоголь өнімдерін шығаратын 10-нан астам ірі компанияның өкілдері қатысты. Дөңгелек үстел барысында кәсіпорын басшылары өздерінің ұсынысын жеткізді. 

«Алматы қалалық денсаулық басқармасының ресми ақпаратына сәйкес, 124 науқас алкоголь өнімдерінен уланып, соның ішінде 12 адам қайтыс болған. Алда мереке келе жатыр, сондықтан мұндай фактілер көбеюі мүмкін. Тұрғындарға осыған мұқият болуына шақырамын», – деді қалалық Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басқарма басшысының орынбасары Қазыбекби Бүйтекұлы.

Алматыда жыл басынан бері жасырын цехта дайындалған 125 мыңнан астам бөтелке тәркіленген. Жұмысын астыртын жүргізетіндер әсіресе салығын төлеп, заң жүзінде жұмыс істейтін кәсіпкерлерге кері әсерін тигізеді дейді мамандар. Салдарынан ірі кәсіпорындардың жұмысы тұралап, тауарлары өтпей қалатын көрінеді. 

«Қандай да бір шараптың заңсыз жасалғанын анықтау үшін әр бөтелкенің сыртында QR-код бейнеленген. Тұтынушылар ұялы телефонына арнайы бағдарламаны жүктеп арқылы тексеріп көруіне болады. QR-кодта тауардың тіркелгені туралы сертификаттың электронды форматы шығады. Ал егер телефонда ештеңе шықпаған жағдайда, бұл заңсыз тауар деген сөз», – деді Қазақстан шарап жасаушылар лигасының президенті Андрей Ганжа.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир