Қаңтар оқиғасына қатысты 728 адам тергеу изоляторында отыр

16.02.2022 20:51

Олардың барлығы ауыр және аса ауыр қылмыстар жасады деген күдікке ілінген

Қаңтар оқиғасына қатысты 728 адам тергеу изоляторында отыр. Бұл туралы Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының орынбасары Мейрам Аюбаев айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Олардың барлығы ауыр және аса ауыр қылмыстар жасады деген күдікке ілінген. Ал 70 адамға күзетпен ұстауға байланысты емес бұлтартпау іс-шарасы қолданылған. Қаңтарда Алматыда және басқа да бірқатар облыс орталықтарында тонаулар болды. Ғимараттар мен автокөліктер өртеніп, бейбіт тұрғындарға зорлық-зомбылық, полиция және әскери қызметкерлерге шабуыл жасалды.  

«Тергеу және прокуратураның бастамасымен соттар күдіктілердің жасаған қылмысын, жеке басын, жасын ескере отырып, 270 адамға күзетпен ұстауға байланысты емес бұлтартпау іс-шараларын қолданды. Ол: үйқамақ, ешқайда кетпеу туралы қолхат. Бұл нәтиже тергеу және прокуратура органдарының қылмыстық істер материалдарын мұқият зерттеуі барысында мүмкін болды. Заңды сақтауды және адамдар құқықтарының қорғалуын тек қылмыстық істерді тергегенде ғана емес, қамауда ұстау жағдайларына қатысты да қамтамасыз ету өте маңызды», - деді ҚР Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының орынбасары Мейрам Аюбаев.

Сонымен қатар, Алматыдағы тергеу изоляторында ортағасырлық инквизиция үлгісіндегі «азаптау камералары» бар деген ақпарат жалған екені айтылды.  

«Қазіргі уақытта ақпарат кеңістігінде тергеу изоляторлары қабырғасында жасалған зорлық-зомбылық делінген жалған хабарламалар жаппай таратылып жатыр. Олардың шындыққа жанаспайтынын, қоғамды адастыратынын және болып жатқан шынайы жайтты бұрмалайтынын жауапкершілікпен мәлімдейміз. Тіпті онымен қоймай, Қазақстанның сыртында жүргендер Алматыдағы тергеу изоляторында ортағасырлық инквизиция үлгісіндегі «азаптау камералары» бар деген «фейк» хабар таратып жатыр. Бұл мүлде жалған және мүмкін емес ақпарат», - деді Мейрам Аюбаев.