|
17.06.2020 | 15:39
4579

Арыста жасөспірімдерге суицидті үгіттеп жүрген күдікті ұсталды

Күдіктіні тінту кезінде одан заттай айғақтар табылды

Арыста жасөспірімдерге суицидті үгіттеп жүрген күдікті ұсталды Almaty.tv

Түркістан облысында жасөспірімдерді суицидке итермелейтін топтың «кураторы» ұсталды. Телеграмдағы бірнеше арна жетекшісінің тұлғасы интернет желісіне мониторинг жүргізу кезінде анықталған. Қазір аталған топтардың мүшелерін анықтау мен ұстау үшін Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл орталығы және Түркістан облысы Полиция департаментінің қызметкерлерінен арнайы жедел-тергеу тобы құрылған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.   

Тәртіп сақшылары интернет желісіндегі ұйымдастырушыны жеке-бас деректері мен мекенжайын анықтап ұстаған. Ол Арыс қаласының тұрғыны болып шықты. Тінту кезінде күдіктіден ноутбук, ұялы телефон мен 3 қорап сим-карта сияқты заттай дәлелдемелер алынды. Ал телефонынан суицидке бағытталған телеграм арналары табылды. Қазіргі уақытта аталған жайт адам өлтіруге оқталу бойынша тіркеліп отыр. Сотқа дейінгі тергеу амалдары басталып кетті.

«Арыс қаласында интернет желісін мониторинг жасау барысында Арыс қаласының тұрғыны анықталып, ұсталды. Сот қаулысымен оған күзет пен ұстау, бұлтартпау шарасы қолданылды», - деді Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Асылжан ҚАЛДАРБЕКОВ.

Психолог Ержан Мырзабаев өз-өзіне қол жұмсауға әсіресе, 8 бен 14 жас аралығындағы балалар бейім болатынын айтады. Өйткені, бұл әлі балалықтан толық шықпау және ересектікке де өтпеу кезеңі. Бұл жас аралығындағылардың психологиясы әлі қалыптаспаған, өз-өзіне сенімсіздік көп болады дейді. Сондықтан көзқарасы қалыптаспаған жасөспірімдер әлеуметтік желімен өмір сүретінін жеткізді.   

«Ең бірінші мектептен бастау керек. Мысалы, мен бірнеше қалада психологтарды оқыттым. Және солардан алған мәліметім бойынша олар қазіргі таңда мектепте балаларды акт залына жинап, суицид туралы лекция оқу арқылы суицидтың зияндарын, суицид жасауға болмайтынын түсіндіріп жатыр. Менің ойымша, бұл қате. Өйткені суицидке бейім, психикасы әлсіз мың баланың ішінде 3-4 бала болуы мүмкін. Акт залына жиналып, сіз сол вирусты балалардың ойына салуыңыз мүмкін», - деді психолог Ержан МЫРЗАБАЕВ.

Маманның сөзінше, түйткілден түбегейлі арылу үшін ол жайлы мүлдем айтпау, яғни насихаттамау керек. Керісінше, өмір сүру құштарлығын арттыру қажет. Тек сондай жағдайда мәселенің алдын алуға болады деген ойда. Ал ресми дерек бойынша былтыр 67 жасөспірім өзіне-өзі қол жұмсаған. 

Салтанат Нысанбек, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтан


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров

Janalyqtar tizbegi

След. →
Прямой эфир