Сот Игорь Дужновты бес адамның өліміне кінәлі деп тапты
Алматыда бес бірдей адамдың өліміне себепші болған Игорь Дужновтың ісіне бүгін нүкте қойылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Сот 54 жастағы күдіктіні кінәлі деп тауып, оны өмір бойы бас бостандығынан айырды. Есте болса, былтыр 20 қыркүйекте 54 жастағы азамат үйден шығару туралы сот шешімін орындатуға келген сот орындаушылар мен учаскелік полиция инспекторларына оқ атқан еді. Оқиға кезінде бес адам қаза тапқан. Екеуі қызметтік міндетін атқарып жүрген полиция қызметкері еді.
«Үйге қатысты дау несие төлемегендіктен туындағаны белгілі болды. Үй банкке кепілге алынған. Кейін үй банк меншігіне өтіп, одан кейін жеке адамға сатылған. Жеке сот орындаушылар палатасы борышкерге үйді босату керегін 2020 жылдан бері бірнеше рет хабарлап келсе де, Игорь Дужнов оны елемей келіпті. 54 жастағы Игорь Дужнов өмір бойы бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын қауіпсіз мекемеде өтейтін болады», – деді Мамандандырылған қылмыстық істер жөніндегі сотының судьясы Еркін Майшинов.
Бұған дейін прокурор оған өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын сұраған. «Күдіктінің қанды қылмысқа қасақана барғаны дәлелденді» деген мемлекеттік айыптаушы мұндай қатыгез адамның бостандыққа шығуы өте қауіпті екенін айтқан еді. Прокурор бұл шешімді әділ деп санайды.
«Ол өз кінәсін мойындамай, жасаған әрекетіне өкінген жоқ. Жәбірленушілерден кешірім сұрамаған. Қылмысты оқ ататын қару қолданып жасаған. Бұл жағдай қылмыстық заң бойынша жазаны ауырлататын мән жай болып табылады», – деді мемлекеттік айыптаушы Әлішер Мырзаханов.