Қызметіне жауапсыз қараған маман сотты болды

28.02.2024 20:43

Жедел жәрдем оқиға орнына 55 минут өткенде ғана жеткен

Unsplash

Ақтөбеде қансырап жатқан қыздың хабарын елемеген құтқару қызметінің операторына қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Төтенше жағдайлар департаментінің өкілі жарты жылға бас бостандығынан шектелді. Еске салсақ, былтыр наурызда Ақтөбеде үйге басып кірген қарақшы 35 жастағы әйел мен оның ұлын бауыздап, қаршадай қызға да шабуыл жасаған. Сол кезде ауыр жарақат алса да 6-шы сынып оқушысы аман қалып, 112-ге хабарласыпты.

Бірақ тұтқаны көтерген қызметкер қыздың айтқанын "баланың ойыны" санап, тек үшінші рет қоңырау шалғанда ғана әрекет еткен. Соның кесірінен жедел жәрдем оқиға орнына 55 минут өткенде ғана жеткен.

Айыпталған қызметкердің кішкентай 2 баласы болғаны үшін судья оған аяушылық танытып, жазасын жеңілдетті. Алайда сотталушы жетім қалған қыздың қамқоршысына 1 миллион теңге өтеуге міндеттелді.

- Сот Бержанов Абылайханды Қылмыстық кодекстің 371-бабы 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, оған 6 айға бас бостандығынан шектеу жазасын кесті. Соған орай ол пробациялық бақылауға алынып, шарттарды орындауға және белгіленген шеңберден шықпауға, ескертусіз елден кетпеуге міндеттелсін, - деді № 2 қалалық сотының судьясы Ахметқали Молдағалиев.

Оқи отырыңыз: Қызды аяқ киімнің бауымен тұншықтырып өлтірген ер адамға үкім шықты