Жәбірленушілер 5 миллион теңгеден астам қаражатын берген
Өз несиесін жабу үшін таныстарын тақырға отырғызған. Түркістан облысында адамдарды қомақты сомаға алдап кеткен әйел ұсталды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Арызданған азаматтардың айтуынша, ол «кәсіпкерлікті қолдауға мемлекеттен берілетін қайтарымсыз ақшаны алып беремін» деп уәде еткен екен. Жәбірленушілер 5 миллион теңгеден астам қаражатын берген. Түбінде орындалған не уәдесі жоқ, жиып-терген ақшаны алған өзі де жоқ. Ізін суытқан әйелге алданып, сан соққандар полицияға арызданыпты.
– Жетісай аудандық полиция бөліміне 3 бірдей тұрғын арызданды. «Кәсіпкерлікті қолдау бойынша мемлекеттен грант алып беремін» деп ақшасын алып, алдап кеткенін жеткізген. Аталған жайт бірден ҚР ҚК 190-бабы, яғни «Алаяқтық» бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу жүргізілді, – деді Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Гүлнәр Әбдіжаппарова.
Полицейлер іздеу салып, қылмыс бойынша ұсталған күдіктіні қамауға алды. Дерек бойынша бүгінде жан-жақты тексеру жүргізіліп, заңды шешім қабылдау үшін жинақталған материалдар сотқа жолданды.
Оқи отырыңыз: Ұзынағашта пышақ жарақатын алған қызға ота жасады