Ұзынағашта 8 жас үлкен жігіттің қолынан мерт бола жаздаған қызға ота жасалды. Бірнеше жерінен пышақ жарақатын алған оның асқазаны мен бауырына зақым келген. Бұл туралы Алматы облысы Жамбыл аудандық ауруханасының дәрігері мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
– Науқастың жағдайы бірқалыпты ауыр. Қазір хирургия бөліміне емін жалғастыру үшін ауыстырылды, – деді Жамбыл аудандық орталық ауруханасының бөлім меңгерушісі Тимур Құрбанбаев.
Полиция 15 жастағы қызға шабуыл жасады деген күдікпен 23 жастағы азаматты ұстады. Оны уақытша ұстау изоляторына қамаған. Кей деректерде жәбірленуші мен күдікті таныс екенін, олар жарты жылдай жұп болған деп жазады. Енді істің анығын қылмыстық іс қозғаған құзырлы орган зерттейді.
– Қазіргі уақытта деректің толыққандығын, жан-жақтылығын және объективтілігін қамтамасыз ету үшін қажетті сараптама тағайындалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Ұсталған адам уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды, – деді Жамбыл аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Ғалым Нариманұлы.
Оқи отырыңыз: Баламды қылғындырып, ұрған: балабақшадағы тәрбиешінің ісіне шағымданған ана арыз жазды