Оқиға 18 маусымда болды
Астанадағы банк ғимаратында адамдарды кепілге алған Әлихан Мурадовқа сот үкімі шықты. Ол 7 жыл 6 ай бойы жазасын қауіпсіздігі орташа деңгейдегі түзету мекемесінде өтейді. Үкімді қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Әбинұр Қарабаев жариялады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Шіліңігір шілденің демалысында бүкіл астаналықтарды аяғынан тік тұрғызған жігіт ақыры бұндай іске не үшін барғанын ашып айтпады. Сотталған азамат сотта өзін тым еркін ұстап, тіпті болған оқиға туралы кітап жазып жатқанын мәлімдеген.
18 маусым, жексенбі. Қала тұрғындары еш алаңсыз күйде еді. Талтүсте Алихан Мурадов банкке баса-көктеп кіріп, қызметкерлерін тұтқынға алды. Бірден қаржы институтының активтерін мүгедек балаларға, кедейлер мен мұқтаждарға көмек көрсету қорына аударуды талап еткен. Оның талабы орындалмаса бомба жарып, кепілге алынғандарды өлтіремін деп қорқытқан. Банк орналасқан үйдің тұрғындары эвакуацияланды. Айналаға Ұлттық ұлан жауынгерлері, арнайы жасақ мамандары мен жедел-жәрдем қызметкерлері де жетті. Маңайды арнайы лентамен қоршап, тұрғындарды жақындатпады. Басқыншымен келіссөз басталды.
Бұл келіссөзге сол кездегі ІІМ Марат Ахметжановтың өзі араласады. Басқыншымен бір сағаттан аса сөйлескеннен кейін бас полицей нәтиже шықпайтынын түсінген. Күш қолдануға тура келеді.
Арнайы жасақтың операциясынан кейін кепілде болған 7 қызметкер босатылды. Басқыншының өзі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу басталды. Күдіктіге қатысты 3 рет сот отырысы өтті. Жәбірленушілер басқыншының сөзімен келіспейтінін айтып, шағымданған еді. Соңғы сот отырысында сотталушы журналистермен ашық сөйлесіп, тіпті осы оқиғаға байланысты кітап жазып жатырмын деп ағынан жарылды.
– Банкке басып кірерде сыра ішіп алдым. Бірақ ешкімді жарақаттағым келмеді. Кейбір қызметкерге кабинеттен шықпай отыруға бұйырдым. Мен өзімді Робин Гуд сияқты көрсеткім келмейді. Дегенмен қолмен істегенімді мойныммен көтеруге дайынмын. Банк қызметкерлерінен кешірім сұраймын, – деді сотталушы Алихан Мурадов.
Бүгін Алихан Мурадов 7 жыл 6 ай бас бостандығынан айырылды. Сот оған осындай үкім кесті. Сотта Мурадов бір күн бұрын кепілге алуды жоспарлағанын, бірақ банкте адамдардың көп болуына байланысты бас тартқанын айтты. Сондай-ақ ол барлық жәбірленушілерден кешірім сұрады.
– Әлихан Мурадов 261-баптың 2-бөлігінің 4 және 8, 9-тармағы бойынша кінәлі деп танылсын. Яғни, кепілге алу «қаруды немесе заттарды қару ретінде пайдалана отырып, екі немесе одан да көп адамды тұтқынға алу» баптары бойынша кінәлі деп танылсын. Осыған байланысты ған 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру үкімі кесілді, – деді қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Әбинұр Қарабаев.
Алихан Мурадов соттың үкімін сабырмен тыңдады. Кейін сот залынан шығарда журналистердің «соттың шешіміне қатысты апелляцияға өтініш бересіз бе?» деген сұрағына «жоқ» деп жауап берді.
Айта кетейік, сот барысында ол қандай жаза болсын арқалауға дайын екенін мәлімдеген болатын.
Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астана
Оқи отырыңыз: Шымкентте дүкен тонаған күдікті ұсталды