Оның 614 келісі марихуана
Республика аумағында 1 айдың ішінде 221 есірткі қылмысы анықталған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Сондай-ақ заңсыз айналымнан бір тоннадан астам психотропты зат тәркіленіпті. Мұның ішінде 614 келі марихуана, 29 келі гашиш пен 4 килограмм синтетика бар. Одан бөлек, героин де табылған. Елдің Ішкі Істер және Қорғаныс министрлігі мен Ұлттық ұланның арнайы бөлімшелері жұмылдырылған операция «Қарасора» деп аталып, оның негізінде қылмыстық топтардың жолы кесіліп жатыр. Ведомстволар аталған іс-шараның аясында жұмыс жалғаса береді дейді.
«Құрамында есірткі бар өсімдіктердің өсу аралдарын ғарыштық бақылау мүмкіндіктері кеңінен пайдаланылуда. Бір ай ішінде полицейлер 221 қылмысты анықтады. Оның ішінде 83 өткізу фактісі, 29 аса ірі мөлшерде есірткіні заңсыз сақтау, құрамында есірткі бар өсімдіктерді өсірудің 82 фактісі, 4 есірткі зертханасы анықталды», – дейді ҚР ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Асқар Мұхаметқалиев.