Сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды
Атыраулық полицейлер 300 келіге жуық бекірені заңсыз саудаламақ болған күдіктіні ұстады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі zakon.kz-ке сілтеме жасап.
Атырау облысы полиция департаменті балық қорларына қылмыстық қол сұғушылыққа қарсы күрес бөлімі және ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері бекіре тұқымдас балықты заңсыз сатып-алу, сату, тасымалдап жүрген 26 жастағы қала тұрғынын анықтаған.
Күдіктінің тұрғылықты мекенжайына тінту жүргізу кезінде жалпы салмағы 282,5 келі болатын 76 бекіре тұқымдас балық тәркіленді.
Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабы 1-бөлігімен ("Өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу") бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Өзге ақпарат ҚПК 201-бабына сәйкес жариялануға жатпайды. Қазақстан Республикасы Конституциясының 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасы, ҚПК 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, адамның кінәлі екендігі заңды күшіне енген сот үкімімен танылғанша ол жасалған қылмысқа кінәлі емес деп есептеледі.
Оқи отырыңыз: Алматыда жолды кесіп өтпек болған ер адам апаттан көз жұмды