Алматы әуежайын басып алуға жол берген полиция бастығы ұсталды. Бұл туралы Бас прокуратураның Қылмыстық қудалау қызметі бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Алматы әуежайының желілік полиция бөлімінің бастығы ұсталды. Ол өзінің қызметтік міндетін орындамай, әуежайды күзетсіз қалдырды. Осылайша, әуежайды басып алуға жол берді. Нәтижесінде әуежайға айтарлықтай зиян келтірілді. Оның инфрақұрылымы бұзылып, кәсіпкерлік мүлкі ұрланды. Жолаушылардың өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төнді», - деді Қилымжанов.
Оның айтуынша, бұл ретте әуежайда 165 қауіпсіздік қызметкері болған, оның ішінде 40 полиция қызметкері, 65 шекарашы, 60 авиациялық қауіпсіздік қызметінің қызметкері. Олардың бәрі шабуылды тойтару үшін жеткілікті атыс қаруымен қаруланған.
Айта кетейік, қаңтардағы тәртіпсіздіктерге қатысты тергеу барысында ҰҚК мен бірнеше облыстағы полиция департаменттерінің басшылары күдікті деп танылды.