СҚО-да қырманнан 40 тонна жасымық ұрланғандар ұсталды

17.09.2021 20:53

Келтірілген шығын 11 млн теңгеге бағаланып отыр

стоп кадр

Солтүстік Қазақстанда егін ору науқаны кезінде алқаптан тонналап астық ұрлау оқиғалары жиілеп кеткен. Қылмыстың алдын алу үшін өңірде полицияның арнайы операциясы жүріп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv 

Кеше ғана Тайынша ауданына қарасты Многоцветное ауылында 40 тонна жасымық ұрлаған 2 күдікті ұсталды. Олардың бұдан бөлек 4 тонна астық ұрлығына қатысы бар екені де анықталды. Келтірілген шығын 11 млн теңгеге бағаланып отыр. Қазір із кесушілер ұрлыққа тартылған 5 жүк көлігі жүргізушісін де тексеріп жатыр. 

«Ғабит Мүсірепов ауданда 11 тонна бидай, Тайынша ауданында 40 тонна жасымық, Жамбыл ауданында 10 тонна бидай ұрланған. Сондай-ақ, жанар-жағармай материалдарын ұрлау фактілері де анықталды. Барлық фактілер бойынша күдікті тұлғалар ұсталды, ұрланған заттар алынып, тиістілігі бойынша қайтарылды», – деді облыстық ПД бастығының орынбасары Руслан Назаров.